Қазақ жылқылары

Қазақ жылқысының тұқымдары ерте кездерденақ пайдаланылып, көптеп өсіріліп келеді. Бұлар осіп-өну ортасына қарай әр түрлі болып келеді.

Қазақ жылқылары онша ірі болмағанымен, шыдамдылық, еттілік, сүттілік, күш-көліктік жағынан жақсы жетілген. Қөшпелі тұрмысқа сәйкес қазақ халқы жылқыларды қысы-жазы бағуға қолайлы болуы үшін, үйірлерге бөліп, жақсы тұқымнан айғыр салатын болды. Мұндай айғырлар үйірінен шашау шығармай, үйірін қорғап, ит-құсқа жегізбей қысы-жазы қориды. Бірнеше үйір жылқы қосылып, бір табын құраған. Үйіріндегі жылқылардың көп болып жүруі, аттардың үйірге қосылуы айғырға байланысты. (Бір табында 500-ден 1000-ға дейін жылқы болады. Қазақ «табын» орнына «қос» деп те атайды.

Күйлі айғыр сәүір айынан бастап 15 шілде дейін үйіріндегі биелерді бауырына алады. Осы мерзімнің ішінде биелер құлындап, күйлі биелер мен байталдар айғырдан ерте шығып кетеді. Ал қоңсы, күйі төмен биелер айғырдан кеш шығып, кенже құлындайтын болады.

Айғырдан шығып кеткен биелер 10 айдан кейін құлындайды. Жақсы айғырлар 25 биеден 30 биеге дейін шығарады. Піштірілмеген жылқы төрт жасында үйірге түсуге жарайды да, құнажын байталдар айғырдан шығып, дөнежінінде құлындайды.

Құлынды биелердің құлыны қара құлақ болып, отығып жетілген кезінде байланылып, күніне 4-5 сауылғаннан кейін, ағытылады. Жас құлындағандарын бір-екі жұмадан кейін байлап, 2-3 сауылғаннан соң ағытып жібереді. Қазақ биені алты айға дейін сауады.

Сәүір айынан бастап тайларды, құнандарды, байталдарды, қысыр биелерді күзеп жібереді.
Байталдың, қысыр биенің жалы күзелгенде, кекілі мен шоқтығын қалдырып, құйрығы екі кертіле (бунақ сала) күзеледі. Қүнанның жалы күзеліп, құйрығы күзелмейді. Тайдың жалын тегіс, құйрығынан шыбын қағар қалдырып күзейді.

Қазақ жылқылары салт мініс пен ауыр-жеңіл жұмыстарға да мықты, жүріске берік, төзімді келеді. Бұлардың тұқымдары пайдалануларына қарай бірнешеге бөлінеді. Оларды шаруалар өскен жеріне, тұқымдарына, түстеріне, жал, құйрық бітістеріне, жыныстарына, түрлі жүрістеріне, тағы басқадай ерекшеліктері мен өмір тіршіліктеріне қарай әр түрге бөліп атайды.
Қазақ жылқыларының ішінде аяңшыл-жорғасы, желісті, жүйрігі, баяу жүретін шабандары да бар. Оларды күнделікті тұрмыстық қажеттеріне қарай салт мініс көлігі, жұмыс күш келігі, сауын биесі, т. б. деп бөледі, ерекшелейді. Осыған байланысты да жылқының толып жатқан атаулары бар.

Жылқының тұқымдары

Қазақстандағы жылқы тұқымдары төмендегідей:

Қазақ  жылқысы. Ауа райының қандай жағдайына болса да төзімді, жемшөп талғамайды, үнемі далада, тебінде, жайылымда өсіп-жетілген. Бұл түліктің басы үлкен, сағалдырығы кең, кездері кішілеу, мойны жуандау, тұрқы орташа, шоқтығы биік емес, көкірегі кең, қабырғалары ұзын және тік келеді, аяғының сіңірлері шығыңқы, көрініп тұрады. Алдыңғы аяқтары түзу, ал артқы аяқтары қайқылау, тұяқтары мықты, терісі қалың, жал-құйрығы қою, түсі әр түрлі болады.

Жабы. Мұның денесі ірі, шомбал, тұрқы ұзын, аяқтары қысқа, өте тез қозғалғыш, оңалғыш, қысқа төзімді, жұмысқа төзімді, күшті, салт мінуге де, жегуге де ыңғайлы.

Адай жылқысы. Қазақ жылқыларының бір түрі. Салт мініске қолайлы, басы жеңілдеу, шоқтығы шығыңқы, сауыры етсіздеу, итарқалау, аяқтары жіңішке, сіңірлі келеді. Ауа райына төзімді, әрі жүйрік.,

Көшім  жылқысы. Басы үлкен болғанымен дөрекі емес, мойнының ұзындығы орташа, шоқтығы биік, әдемі, кеудесі кең, төсі алшақ, қабырғалары шеңберлі, арқасы тегіс те жазық, белі толық, кейде қайқы бел болып келеді. Жұмысқа төзімді. Биелері құлындағыш және сүтті.

Қостанай жылқысы. Бұл жылқы Қостанай облысының «Қостанай» мен «Майкел» жылқы заводтарында және облыстың колхоздарында, сонымен қатар, Челябі облысындағы «Троицк» жылқы заводында, жергілікті қазақ жылқылары таза қанды, салт мінетін дон жылқыларымен будандастырылған. 1951 жылы қостанай тұқымы болып бекітілді. Бұл жергілікті жердің ауа райы мен азықтандыру жағдайына жақсы бейімделген. Қостанай жылқысының басы орташа, мойны түзу, ұзындығы орташа, шоқтығы етті, алқымы кең, арқасы жалпақ, жауырыны мен қабырғалары ұзын, аяқтарының сіңірлері шығыңқы, шашасы шағын, топайлары орташа, тұяқтары дөңгелек, әсем келеді. Өте жүрдек, күшті және төзімді, салт мінуге де, жегуге де қолайлы.

Буденный жылқысы. Бұл еліміздегі өсіріліп шығарылған жаңа жылқы тұқымдарының ішіндегі ең таңдаулыларының бірі. Аталмыш тұқымды шығаруға Совет Одағының Маршалы С. М. Буденный басқарған бір топ мамандар мен тәжірибелі адамдар қатынасты. Буденный тұқымын таза қанды, салт мінетіп жылқының айғыры мен дон тұқымының биелерін шағылыстырып шығарған. Денесі ірі келеді, басы ұзын, қағілез, мойны ұзын, етті, шоқтығы биік, арқасы түзу, жазық, кеудесі кең, қабырғасы дөңгелек, белі мықты.

Дон жылқысы. Мұның шыққан жері — Дон өзенінің маңайы. Жергілікті жердің ауа райына өте төзімді келеді. Дон тұқымының басы ашаң, сәл ұзындау, маңдайы томпақ, шортан басты келеді, көздері үлкен, шығыңқы, томпақ, танаулары делдиген, жұқа құлақтары сереңдеген, мойнының ұзындығы орташа, түзу, кейде ұзын, ашаң немесе етті, толық болады, көкірегі кең, қабырғалары ұзын, арқасы тегіс, сауыры ұзын және тік, жауыырыны қысқа, тік біткен алдыңғы аяқтары түзу, аралары кең, артқы аяқтары қайқылау, тұяқтары берік, дөңгелек, үлкен болып келеді. Дон жылқысы салт мінуге қолайлы.

Ахалтеке жылқысы. Бұл тұқым араб жылқысынан бұрын шығарылған және ең ескі тұқым болып саналады. Ол осы күигі түрікмен жылқысының ұрпағы. Ахалтеке жылқысы Түркмен республикасындағы жылқылардың негізгі түрі. Бізде сол тұқым Жамбыл облысындағы «Луговой» жылқы заводында, республикамыздың кейбір колхоз-совхоздарында өсіріледі. Күй талғағыш, сымбатты, әсем келеді. Басы ашаң, мойны ұзын, тік (кейде бұғы мойындысы да кездеседі), шоқтығы биік, арқасы жұмсақ, жоны ұзын, тұтас сауырлы, жіліншіктері жіңішке, топайлары дөңгелек, тұяқтары берік. Артқы аяқтары қайқылау, терісі жұқа, жалы жібектей жұмсақ болады. Басқа жылқыдай емес жайылымда баққанды ұнатпайды, қатты суықты көтере алмайды, сүйектері жұқа жаратылған. Ал жазғы шөл, шөлейт жерлерге мініске өте төзімді, жүйрік болады.

Таза қанды, салт мінетін жылқы. Бұл өте жүйрік, әсіресе жақынға шапқанда ұшқыр келеді. Қазір біздің елде оны өсіру үшін көптеген жылқы заводтары ұйымдастырылды. Таза қанды, салт мінетін жылқыны үнемі ипподромға сынайды. Бұлардың айғырлары жергілікті жылқы тұкымын жақсарту үшін қолданылады. Ол өте сымбатты, тұлғасы зор, әсем денелі, көркем тұлғалы жылқы. Қүтімді жақсы керек етеді, жемшөпті өте талғап жейді.

Желісті жылқылар. Осыдан 150 жыл бұрын Воронеж облысының «Хренов» жылқы заводында араб, дат, голланд тұқымдарын өзара будандастыру арқылы шығарылған. Орлов жылқысының басы үлкен, мойны ұзын, кебінесе қаз мойынды әдемі болады, шоқтығы биік, арқасы тегіс және жалпақ, сауыры тұтас, аяқ сүйектері жуан келеді. Денесі ірі болады, мұның жергілікті жылқының бойын өсіруде зор маңызы бар.

Орыстың желісті жылқысы. Бұл орлов биелері мен американ желісті айғырларын шағылыстырудан алынған будан, желгір жылқылардың тұқымын жақсарту үшін өсіріліп шығарылды. Мұндағы негізгі мақсат жылқының тұлғасын ірілендіріп, сымбатты, сом денелі желісті жылқы шығару еді. Орыстың желісті жылқысы орлов жылқысына қарағанда кішірек, денесі де қысқа, мойны біркелкі, шоқтығы кетеріңкі, аяқтары ұзын, тұлғасы тығыз, бұлшық еттері шығыңқы келеді.

Советтік тұқым. Бұл ауыр жүк тартатын жылқы тұқымы. Денесі ірі, мойны етті, шоқтығы өте биік емес, арқасы мен кеудесі кең, қабырғасы жұмыр, аяқтары жуан келеді.

Орыстың ауыр жүк тартатын тұқымы. Ертеден бері келе жатқан жылқы тұқымы. Бойы аса биік емес, орташа келген, маңдайы кең, мойны жуан, шоқтығы биік емес, арқасы ұзын, белі қайқылау, қабырғасы тік.

Жоғарыдағы айтылған жылқы тұқымдары Қазақстанның көптеген облыстары мен аудандарында өсіріледі.

Жылқының үйіріне байланысты атаулары

Жылқыны еркек-ұрғашылығына, айғырдан шығуына, піштірілуіне, жасына қарай әр түрлі топқа бөліп, оларды мынадай бірнеше атаулармен атайтын болған: биелер, ат-айғырлар және бойдақ байтал, дөнен, бестілер, қүлын, жабағы, тайлар деп атайды.
Сонымен бірге жылқының бойдақтарын өз алдына бөлек атағанымен, олардың ұрғашы-еркектерін қоса санап, екі-екіден бөліп, мына түрде де айтатын болған:
Биелер:  1- құлынды биелер;  2 - құлындар; қысырақтар (бойдақ биелер).
Ат-айғырлар: 1 - айғырлар;  2 - саяқтар (бойдақ жылқылар).

Жылқының ортақ атаулары

Жылқының барлық түріне ортақ атаулар да болады. Олар мыналар:


Тақымға басқан ат. Шаруаның, не жеке бір адамның жасынан күтіп, жеке иелігіне алып жүрген күш-көлігі.
Қырсау жылқы. Жүрмейтін шабан жылқы.
Қерден (керенау) жылқы. Жүргенде аяғын ширақ баспай, жай аттай басатын жылқыны айтады.
Барлыққан жылқы. Семіздей мініліп, қызыл май болуға аз-ақ қалған жылқы.
Жабық етті жылқы. Аса семіз емес, қара еті жоқ, қабырғасы жабық жылқы.
Берік жалды жылқы. Ортадан төмен жалы (жал майы) бар жылқы.
Тесеген жылқы (құнан, байтал, тай). Тісі түсіп, жаңадан пайда болған тістердің ішінде «ұры» тіс (басқа тістерден ұзын) шығып жайыла алмай, жүдеп жүрген жас жылқы.
Жалы мұздай (жалы доғадай) жылқы. Семіз, жалы тұтасқан жылқы.
Су жалды жылқы. Жалы қолға ұстауға келмейтін арық жылқы.
Сабылған жылқы. Ақ көбігі шығарыла шауып келген жылқы.
Соқтыққан жылқы. Аурудан немесе жеккіден әбден болдырған жылқы.
Тұлпар. Ең жұйрік ат, қашса құтылып, қуса жететін асқан жүйрік жүрісті жылқы. «Тұлпар» деген атау сөз ауыз әдебиетінде жиі кездеседі.
Жел жетпес (оқ жетпес )жылқы. Тұлпардың ішіндегі ең жүйрігі.
Сәйгүлік ат. Бәйге бермейтін жүйрік жылқы.
Ер арқа жылқы. Жая жағы мен шоқтығы биік, арқасы ой келген жылқы.
Сиыр құйымшақ жылқы. Құйрықтың қыл түбіне дейін түзу арқалы келген жылқы.
Астау жонды жылқы. Жаяның екі жақ еті шығыңқы келген жылқы.
Тік жонды жылқы. Арқалығы мен жоны түтасып келген жылқы.
Қақпақ жонды жылқы. Арқалық жоны тұтасып, қабырғаға түсіңкіреген, жаялы келген жылқы.
Ешкі бас жылқы. Басы ешкінің басына ұқсас келген жылқы.
Қой басты жылқы. Бас бітісі қой басына ұқсас боп келген жылқы.
Орақ басты жылқы. Кеңсірігі шығыңқы, дөңес (кұс) тұмсықты келген жылқы.
Қамыс құлақ. Екі құлағы серектеніп біткен жылқы.
Қайшы құлақ жылқы. Жүргенде сүйрік біткен екі құлағын қайшылап жүретін жылқы.
Мәстек құлақ жылқы. Екі құлағы екі жақ жанына қарай қисая кеп біткен жылқы.
Сауран сойы. Сәйгүлік жылқының бір түрі.
Дербіт. Жуан денелі, аяқтары әлді, бойы зор, өзі күшті, құйрық-жалы қалың келген жылқы.
Дүлділ. Тұлпар мағынасында қолданылады.
Бөртекі жылқы. Тез болдырғыш, қара етті жылқы.
Маймақ жылқы. Аяғы қисық біткен жылқы.
Қоңды жылқы. Еттілеу келген, немесе бұлшық еттері қоңайған жылқы.
Тарпаң жылқы. Асау, үркек, жалт бергіш, тулағыш тарпығыш, тепкіш тістеуік келген жылқы.
Жүрісті жылқы. Аяғын жылдам алып, ширақ басатын жүрісті, ұшқыр жылқы.
Қызба (желік) жылқы. Жиын-тойларда, айғай шыққан уақыттарда алып ұшатын жылқы.
Қоңылтақ жылқы. Бойына ет алып дұрыс тойына алмайтын жылқы.
Қоңторғай жылқы. Өмірі бойына ет алып, тойынбайтын жылқы.
Қысыраған жылқы. Биелері іш тастап, өлім-жітімі көбірек болып жұтаңқырап қалған үйірдің жылқылары.
Шырсыз жылқы. Арық жылқы.
Қолау (қолы түскен тай, құнан байталдарға қаратылып айтылады). Бұл атау мезгілі жетпей қатты мініс көріп ер батқандықтан қолы (алдыңғы аяғы) ауырған, қолы түскен (алдыңғы аяғын баса алмай қалған) деген ұғымды білдіреді.
Берік жалды (жалы берік), жабық жалды, өкпе жалды, су жалды, қара (ет) жалды. Жылқының арық, семіздігін жалынан ұстап білуге байланысты айтылған атаулар.
Қөтерем жылқы. Етінен әбден арылып, жілік майынан айырылған, буынына сары су толып, әлі кетіп, орнынан түра алмайтын, кісінің көмегі арқылы тұратын жылқының күйіне байланысты айтылатын атау.
Жайланған жылқы. Көп мініліп, оңалмаған жылқы.
Қатпа жылқы. Сүйектері терісінің сыртынан арса-арса болып білініп тұратын қызылсыз, жөнді етеймеген жылқы.
Көк бақа жылқы. Жілігі татымайтын, өте арық жылқы.
Зорыққан жылқы. Жүруге жарамай жол- да қалған жылқы.

Жылқы мінезіне байланысты атаулар

Бас асау жылқы. Басына жуытпай, осқырып шалқалап, жүгендетпейтін және мойнына қамыт кигіздірмейтін жылқы. Бұл жылқының көп ұсталмауынан болады.
Кекжек (шегіншек) жылқы. Жетекке алса, немесе мінсе, ілгері баспай, шегіншектеп тұрып алатын жылқы.
Безер (тентек) жылқы. Теуіп, тістеп, маңына адамды не малды жақын келтірмейтін жылқы.
Жебір жылқы. Байланған соқаны немесе тұрған жерінде кезіне көрінген нәрсені кеміріп, жеп тұратын жылқы.
Жеруік. Жылқының судан жерігіштігі.
Қара тарту. Жол үстінде міністе келе жатқанда немесе жегіліп жүргенде, жақын жердегі ауылға, кетіп бара жатқан көлікті адамға жалт бұрылып жүре беретін жылқының әдетін білдіреді.
Желдеу. Аңызақ, ыстық күндерде немесе желкемді түндерде масадан, шыбын-шіркейден қорғану үшін, жылқының желге қарсы қарап тұруы және желге қарсы жүріп кетуі.
Жерсінбеу. Бір жерден екінші жерге келген жылқының сол келген өңірдің шөбін де, суын да місе тұтпай өгейсіп, арықтап, (жүдеп) кетуі. Мұндай мал өзінің үйренген мекен жеріне, ел жайлауына қашып кетеді.
Жерқорқақ. Күндіз не түнде аяғын еркін батыл басып жүрмей, кібіртіктеп, өте баяу жүретінің айтады. Бұл атау басқа малға да қолданылада.
Үйездеу. Жылқының ыстық күндерде шыбын-шіркейден, бегелектен, масадан, сонадан қорғалап, екі-үштен не одан да көп болып топтанып бір-бірінің көлеңкесіне бастарын тығып, шұлғып тұруларын айтады.
Шұлғу (бас изеу). Ыстық, аңызақ күндерде шыбын-шіркейден қорғану үшін, жылқылардың иегін жоғары-төмен изеп тұруы.
Шыбындау. Ыстық күндері жылқының бө- гелектен, шыбын-шіркейден өздерін қорғау үшін, құйрығын жоғары-төмен, екі жағына сипаңдатып, басын изеп тұруы.
Масалау. Кейбір күндерде жылқылардың іңіргі, не түнгі масаның қаттылығынан жайыла алмай, масадан қорғалақтап (қорғану үшін), түнгі соққан самал желге қарсы жүре оттап, немесе оттамай жүріп кетулерін айтады.

Жылқының тісіне байланысты атаулар

Қазақтар жылқыны тісіне қарап, жасын, кәрісін, асыл-жасықтарын, жүйріктігін айырады. Оны төменгі атаулардан көруге болады.

Сүт тіс. Жаңа туған құлынның еміп жүргендегі шыққан тістері.
Күрек тіс. Жылқының аузындағы астыңғы және үстіңгі жақтарындағы екі-екіден шыққан күрек сияқты тістері.
Жұлқар (от) тіс. Шөпті жұлатын және оңды-солды қиятын тістерді айтады.
Қасқа тіс. Жылқының алдыңғы тісі
Шет тіс. Күрек тістен кейінгі тістерді айтады.
Тұрақты тіс. Жылқының тістері түскеннен кейінгі екіден бес жасқа дейінгі шыққан тістері.
Үкпе тіс. Азу тістер.
Ұры тіс. Азу тіске қосарланып шығатын ұзын тіс. Ол шыққанда жылқы оттауынан қалып, қатты жүдейді.
Қырқылған тіс. Тіс бедерлерінің мұқалып тегістеле бастағаны.
Тісеу. Сүт тістері түсіп, орнына жаңа тіс шығып келе жатқаны.
Қос тіс. Негізгі сүт тістері мен тұрақты тістерінің жанынан (қабаттаса) шыққан тіс.
Мөр (бедер). Тісінің үстіңгі бедерлеріндегі шұңқыры.
Сопақ мөр. Бес жастан он жасқа дейінгі жылқының тіс бедерінің (шұңқырларының) мұқалмаған көздері.
Дөңгелек мөр. Он екі жастан он сегіз жасқа дейін тістің шұңқырлығы сопақ түрінен өзгеріп, дөңгелек түрге айналғаны.
Үш бұрыш мөр. Он сегізден жиырма үш жасқа дейінгі тіс шұңқырларының өзгеріп тозуынан дөңгелек мөрлеріиің үш бұрыштанғаны.
Қыр. Тістерінің үстіндегі шұңқырларының жиектері.

Жылқының үні мен түрлі әрекеттеріне байланысты атаулар

Оқырану. Айғырдың шағылысу кезіндегі, мінілген жылқының босатар алдындағы және құлынды биенің құлынына мекіренуі.
Кісінеу. Сауылатын биенің сауылар уағындағы құлынын іздегенде, арқандаулы не байлаулы жалғыз қалғанда, айғырлардың үйірін іздегендегі шығаратын үні.
Осқырыну. Жылқының қасқырдан, иттен, тағы басқадан сескеніп-секем алып, қорыққан кезіндегі шығаратын дыбысы.
Шұрқырау. Аталмыш түліктің қатты шошынуын білдіреді. Мұндай кездер әсіресе жылқыға қасқыр шапқанда, сосын ұры тигенде болады
Ықылықтау. Құлын мен тайдың өздерінен үлкен ірі жылқыдан жасқанып не қорқып, басын төмен соза аузын шайнаңдатуы.
Кісіней оқырану. Айғырдың үйіріндегі күйті келген биеге шағылысарда ұмтыла жүгіргендегі шығаратын дауысы.
Шыңғырысу. Күйті келген бие мен айғырдың бір-бірін иіскескендегі шығаратын мекірену үндері.
Ышқына кісіней оқырану. Айғырдың үйірін іздегенде, үнін алғашқыда қаттырақ шығарып барып, бөліп-бөліп бәсеңдетуін айтады.
Айғыр талас (таласу). Айғырдың тезектерін иіскесіп, жер тарпып, бірін-бірі тебісіп, тістесуі.
Іңір жусау. Жылқы үйірінің кешкі уақыт біраз тыныстап, от оттамай тұруы.
Түн жусауы. Түн ортасы болған мезгілде тыныстап, демалып, от оттамай тұруы.
Шыңғыру. Асау құлынды (жылқыны) бұғалықтап ұстағанда, не ноқталап байлағанда немесе қасқыр тартқанда шошып, қиналғанда шығаратын үн.
Таңғы жусау. Түнгі оты қанып, тойғанжыл- қылардың от оттамай, таң алдында демалып, тоғын басып тұруы.
Ойнақтау. Жылқының көктемде тойынатын не күзге қарай бойы салқындаған кезінде, суық су ішіп, іші мұздаған уақытында ойын салып, алысып, бірін-бірі тістесіп ойнауы.
Меңку. Тай, құнанды, дененді үйреткенде (жайдақ немесе ер-тоқыммен) тулап, басын төменге жіберіп, артқы аяқтарын жоғары көтеріп тебінуі.

Жылқының жатып-тұруына байланысты айтылатын атаулар

Алдынан тұру. Жылқының жатқан орнынан алдыңғы жағынан көтеріліп барып тұруы.
Алдынан жату. Жылқының алдыңғы екі тізесін жерге бірдей бүкпей, кезек бүгіп барып жатуы.
Сиыршылап тұру. Әбден көтеремнің аз-ақ алдында жүрген жылқының жатқан орнынан алдыңғы жағынан тұрмай, арт жағынан көтеріліп барып тұруы.
Аунау. Жылқының көгалды, ащылы, кұмайтты жерлерге жатып, екі жағынан кезек арқасын жерге тнгізіп, аяғын жоғары көтеріп, ерсілі-қарсылы домаланып жатуы.
Үйелеу. Шұңқырға түсіп кетіп, не ойлау жерде ыңғайсыз жатып, орнынан тұра алмай қалуы, бұл жағдайда жылқының іші кеуіп, төрт аяғы серейіп, өліп қалады.
Сілкіну. Жерге жатып, аунап тұрған жылқының үстіне жабысқан шөп-шалам, шаң-тозаңын қағуы.

Жылқының түсіне байланысты атаулар

Қара жылқы. Сырт түгі түбіне дейін шымқай қара, ұшы жылтыр қылшықты боп келуі.
Сары жылқы. Жылқының сыртқы түгі бірыңғай, сары болып келуі.
Жирен жылқы. Сыртқы қылшық түктері бірыңғай сарғыш қызыл болып келуі.
Торы жылқы. Түк бітістері тобылғы түстес, жал, құйрық, сирақтары қара қошқыл болып келгені.
Көк жылқы. Жылқының түктері шымқай көк болмай, көкшіл қылшықты келуі.
Қара көк жылқы. Жылқының сыртқы түктері қара қошқыл болып келгені.
Қызыл көк жылқы. Көк түсті жылқының қылшықтарының ұшы қызыл түстес келгені.
Құла жылқы. Басы мен денесі жылтыр сары, немесе құрым сары реңде болып, аяқтары мен жал құйрықтары қара, арқасынан құйрығына дейін созылған жіңішке қара жолағы бар жылқы.
Ақжал жылқы. Түр-түстері құланға ұқсас болып келетін, бірақ сирақтары мен жал-құйрығы бозғылт немесе боз болып келген жылқы.
Сұр жылқы. Жылқының дене түк бітісі ақ көкшілдеу болып, бас-сирақтары, жал-құйрығы қара келіп, шоқтығынан құйрығына дейін арқасында қара жолағы бар және жауырыны, тірсегі, сирағы кейде көлденең жолақты тарғыл болып тұрады.
Қаракер жылқы. Жылқының жалпы түсі қара болып, тұмсығы мен шабы күңгірт тартып келгені.
Шабдар жылқы. Сырт түгі ақшыл сары болып, жалы бурыл, ақ қыл мен қара қылдың араласып келгені. Бірақ ашық шабдар торыға жақын келгенімен, жал-құйрығы бурыл болады.
Ала жылқы. Жылқының негізгі түгінің арасында ақ жүнді үлкен-кішілі дағы бары.
Шұбар жылқы. Денесінің қылшығы ақ келіп, арасында майда теңбілі (қара, торы, жирен, тағы басқа) бар, не қылшығының басқа түсте болып, арасында ақ теңбілді келген жылқы.
Бурыл жылқы. Жылқының негізгі дене түгінің (қылшығының) арасында жирен, қараторы, біртегіс ақ қылшық араласып келіп, ақ қылшық басы мен аяғында болмайды
Шаңқан (боз) жылқы. Түсі шымқай өте ақ болып келген жылқы.
Баран жылқы. Торы жылқыны айтады. Мұның денесі мен басы шие түстес қызғылт боп келіп, құйрық, жалы, сирақтары қара болады.
Қылаң жылқы. Боз, ақ боз жылқыны осылай деп атайды.

Жылқы түгінің атаулары

Өлі жүн. Көктемде жылқыдан түсіп қалатын қысқы түгі.
Тірі жүн. Жылқының қыстағы түгінің арасынан, не астынан жазға қарай шыққан жаңа жүні.
Түлеу. Көктемнен бастап, жылқының қысқы түгінің астынан жаңа жүн шығып, бұрынғы түктерінің түсе бастауы.
Түлеген жүн. Апрель айынан бастап, жаңа түктері тегіс шығып, жылқының өлі жүндері түсіп болғанын айтады.
Күзеу. Апрель, май айларында қысыр биелер мен тай, байталдардың құйрығы мен жалын күзеп алу.
Күзелген. Апрель, май ішіндегі жылқының жал-құйрығы күзеліп алынғаны.

Жылқы туралы айтылатын одағай сөздер

Құрау-құрау. Құлыны байланған биенің сауыны болған кезде құлынын емізіп, сауу үшін шақыруға қолданатын сөз.
Құр-р. Жылқыны тоқтатып ұстау үшін және ұсталғанын ноқталап, немесе жүгендеу үшін қолданатын сөз.
Тәк. Бас асауы бар, жаңадан бастықтырылып үйретілетін жылқыны жүгендеп, ерттеп, мініп үйрету үшін және үстіне ер салып мінгенше тапжылмай тұру үшін айтылатын сөз.
Моһ-моһ. Жылқыны ұстау үшін, шақырғанда қолданылатын сөз.
Құрайт (қойт-қойт). Айғырға биені кезіктіріп, үйіріне қосып алдыру үшін айтылатын сөз.
Т ы р-р. Арба мен шанаға жеккенде немесе мінгенде, жетекке алғанда атты тоқтату үшін айтылатын сөз.
Құр былай (әй). Шеттеп жүрген жылқыны үйіріне қарай қайырып, қосу үшін айтылатын сөз.
Құр, жануар, құр. Жылқыны еркелетіп немесе жақсы көріп, жүріп бара жатқан бетінен тоқтатып, қолмен үркітпей ұстау үшін айтылатын сөз.
Құройт-құройт. Айғырды күйті келген биеге шағылыстыру үшін айтылатын сөз.
Ай-һай, жануар, ай-һай. Иіріліп тұрған жылқының бірін-бірі теуіп, тістелмес үшін, айғырдың бір-бірімен таласпауы үшін, олардың суарылып жатқан кездерінде, үріккен уақыттарында, тағы басқадай қияңқы-қыңыр мінезді әрекеттерін тоқтату үшін және түнде жусаған жылқылар үрікпеу үшін қолданылатын сөздер.
Жамандатқыр. Жамандат ауруымен ауырып, өл деген кейістік мағынадағы сөз.

Жылқыда болатын аурулардың атаулары

Маңқа. Жылқының мұрнынан қан аралас жаман жалқаяқ ағып ауыратын ауруы. Бұл індетке шалынған малдың өкпесінде, ішкі тыныс органдарының кілегей қабықтарында осы ауруға тән түйнектер пайда болады. Ол асқынған кезде жараға айналады.
Қара өкпе. Жылқының жөткерініп ауыратын ауруының аты.
Шығу (сақау). Жылқының құлындағанда, құлын кезінде немесе тайында тамағының астынан шығып, өз бетінше жарылып жазылатын без ауруы.
Шойрылма. Жылқының белінен құрт жеп, тесіліп ауыратын ауруы.
Қарақаптал. Айғырдың зәрі бұзылып, қамшысының (қасасының) сырты қотыр болып, жия алмай қалатын ауруының аты.
Киеңкі. Биенің, байталдың несебі бұзылып ауыратын ауру.
Жамандат. Жылқының қанын қағындырып (септицемия) оның денесінде көптеген үлкенді-кішілі ісік түрінде байқалатын ауруының аты.
Маңдам. Жылқының жұмыр тұяқтарында кездесетін, немесе мойнының екі жағынан және тамағының астынан без болып шығып, уытты жараға айналатын індет.
Боғымала (тышқаншық). Жылқы көзінің алдын ала кеңсірік сүйегінен томпиып шығатын ауруының аты.
Қыршаңқы. Мініс жылқысының ыстық-суықты болып жіберілуінен қышыма қотыр болып, әр жерінен түктері түседі. Осыдан қызылшақа қотыр болатын індет.
Өлі. Жылқының қара терге түсіп бір тұрып, бір жүріп, жайылмай, теңселіп жүретін ауруы.
Желін құрт. Құлынды биенің желіні ісіп, тесіліп ауыратын ауруы.
Желінісу. Биенің желіні жай ісіп ауруы.
Сары ауру. Жылқының көктем кезінде аузы көкке емін-еркін тимей, ескі бетегелі қауды жемей, іші сары суға толып барып өлетін ауруының аты.
Қарын ауру. Жылқының көбен тойынып тұрған кезінде немесе тоқтай мініліп, несеп жолы және тік шегінің бітеліп, іші кеуіп, терлеп мазасын кетіретін аурудың аты.
Арқа кету. Мініс атының ыстық-суықты болуынан арқасы ісіп, іріңдеп, жарылып жара болуы.
Жалақ. Міиілген жылқының арқасына ер тиін, бүйірі немесе арқасы кетіп, жалтыр жара болып қалуы.
Шилі қара. Бұрын көбірек мініліп арқасы жауыр боп жазылып, мінсең арқасы тез кетіп, тағы сондай жауыр болатын жылқы.
Лоққы (лоңқа). Жылқының ыссылы-суықты болуынан жауыр болып, сол жауырдың асқынып, өлі еттеніп ісіп кетуі.
Өлі ет. Жауыр болған жылқының арқасыыдағы жауырын шыбыннан қорғаймын деп иегімен қағып ісіріп, асқындырып, іріңі жарылмай тұрғанда пайда болған ет.
Қарадақ. Жауыр жылқының жауырының аузындағы қатып қалған қабыршақ терісі.

←кері қайту